Дана Қамзабек

Әлем, сәлем! Менің атым Дана. Мен “Оян, батыр” подкастының жанкүйері әрі жүргізушісімін. 

Бұл подкастқа қалай тап болғанымды түсінсем бұйырмасын, әйтеуір, өмірімді осы жобамен тығыз байланыстырып алыппын. Әр эпизодын тағатсыздана күтіп, әр қонақтың, жүргізушінің сөзін, ойын тұла бойымнан өткізіп, керемет рухани байлық тапқандай сезінемін.  Бір қызығы – подкаст тыңдармандары бір қалыптан шыққандай – қызығушылығы, дүниетанымы, ұстанымдары, тіпті, кейде өмірлік жолдары ұқсас, ұйымшыл қоғам. Сондықтан мен емес, подкаст мені тапты ма деп қоямын. 

Тек тыңдарман емес, өзімді жүргізуші ретінде сынап көру – мен үшін батырлықтың көкесі. Себебі тіл байлығы былай тұрсын, өкінішке орай, тіл тазалығымен де аса мақтана алмаймын. Журналист құралдарынан маған тиесілісі – тек өткір ой мен шынайылық. Соны ақтау ретінде пайдаланып жүргізушілікті бастадым. Менің подкасттағы мақсатым – қазақ тілді контенттің пайдасы, тереңдігі мен сапасын арттыру. Ал жеке басыма қойған мақсатым – подкаст арқылы тілімді шыңдап, сенімсіздігімді жеңу. 

Өзім жайлы айтсам, мен – жас ғалыммын. 2015-жылы Назарбаев Университетінде химия ғылымының бакалавры, 2018-жылы Париж-Суд Университетінің (Université Paris-Sud) магистранты атандым. Қазір Астанада өзімнің альма-матерімде ғылыммен айналысамын. Кезінде университет хорында ән салып, кино-клуб мүшесі болдым. Қызығушылығым көп – театр, музыка, би, документалды фильмді өте жақсы көремін. 

Бала кезден ата-анамның арқасында ұлтжанды болып өстім, сондықтан отбасым, үйім, ортам, қалам, елімді бар жаныммен жақсы көремін. Мені батыр қылатын осындай сөзсіз, шексіз махаббатым. 

Findyourb в соцсетях: